top of page

ҚХР-МЕН СЫРТҚЫ САУДА СТАТИСТИКАСЫНДАҒЫ АЛШАҚТЫҚ МӘСЕЛЕСІ

Бұл мәселе жиі көтеріледі және кейбір кезде сандар айырмашылығы таң қалдырады. Өткен жылы президент жағдайды «нағыз тәртіпсіздік» деп сипаттап, «Қытайдың кеден органдарымен айналы статистика бойынша алшақтық миллиардтаған долларға жетеді» деп атап көрсетті.


Жауап ретінде Қаржы министрлігі сәйкессіздіктердің негізгі себептерін жария етті: а) әдістемелік аспектілер, ә) транзиттің экспорт ретінде көрсетілуі, б) күмәнді мағлұмдау.


Бір жыл ішінде кеденде елеулі жұмыстар атқарылды. Импортқа ҚҚС рекордтық жоғары қарқынмен (80%-ға) өсті, қатысушылар саны өсті (2 есеге), өткізу қабілеті артты (4 есеге), айтарлықтай көп бұзушылық анықталды (3 есе).


Алайда, мемлекет кедендік кедергілерді «тазарту» үшін қаншама күш-жігер жұмсағанымен, алшақтық неге сақталып отыр? Қаржы министрлігінің дәлелдері қаншалықты орынды?


Сәйкессіздік Қытайдан келетін импортқа байланысты екенін бірден атап өтейік. Ал Қазақстаннан Қытайға экспорт бойынша екі елдің көрсеткіштері барабар дерлік – 9,8 және 10,2 млрд АҚШ доллары.


Импорт бойынша 2021 жылы сәйкессіздік шынымен 70%-ды, немесе 5,7 млрд долларды құрады. Қытай Қазақстанға 14 млрд доллар жіберіпті, ал біз небәрі 8,2 млрд доллар қабылдаппыз. Біз бірден мәселе тек біздің жағымыздан болды деп болжаймыз, ал ҚХР деректері толықтай сенімді. Бірақ бұл шын мәнінде олай емес екені белгілі болды.


Жалпы, әлемдік сауданың барлық көрсеткіші күмәнді, өйткені еларалық статистикадағы сәйкессіздік барлық жерде болады. «А» елі бір нәрсені айтса, оның серіктесі басқаны айтады, кімге сену керек? Бақытымызға орай, мұны математикалық түрде анықтауға мүмкіндік беретін әдістер бар.


Бұл олардың қалған серіктестері арқылы тексеріледі. Егер:

  • «А» елінің ондаған басқа ел арасындағы импорт сәйкессіздіктері өте аз;

  • сонымен бірге, «Б» елінде мұндай экспортты қабылдағанын растайтын адам аз;

  • «Б» емес, «А» елінің статистикасын пайдаланған дұрыс.

Бірқатар әдістемелік түзету енгізіледі, нәтижесінде елдің импорттық және экспорттық сенімділігінің интегралды индексі алынады.


Есептеулер бойынша Қазақстанның импорт сенімділігі индексі 100-ден 47,1. Қытайдың экспорттық сенімділік индексі 100-ден 35,3. Яғни Қытайдың сауда статистикасы Қазақстан үшін алшақтықты олардың деңгейіне дейін қысқарту үшін «бенчмарк» болып табылмайтыны сөзсіз.


Басқа елдердің мысалында көрсету оңайырақ. Қазақстан мен Қытай арасындағы барлық тауар бойынша алшақтық 70%-ды құрады. Алайда бұл көрсеткіш Ресеймен сауда үшін – 5% құрайды, Беларусьпен – 2%, Германиямен – 7%, Кореямен – 0%.


Енді Қытайды қарастырайық. Оның көптеген қайшылығы бар: Германиямен сауда-саттық бойынша 31%, Франциямен – 39%, Канадамен – 25%, Нидерландымен – 62%. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы көршілері Филиппинмен арадағы айырмашылық 2 есеге жетеді.


Жеке тауар бойынша мысалды қарастырайық – фарфордан жасалған ас үй ыдыстары. Қазақстан 2021 жылы Қытайдан импортты 9,2 млн доллар деңгейінде болды деп жариялады, ал Қытай экспортты 130 млн доллар деңгейінде белгіледі, айырмашылық 14 есе, кімдікі дұрыс?


Қазақстанға екінші ірі экспорттаушы – Ресей. Біздің статистикамыз 2,4 млн доллар, олардың «айналы» статистикасы 3 млн доллар, айырмашылық 20%.


Қытай тағы кімге экспорттайды? Фарфордан жасалған ыдыс-аяқтар бойынша ең ірі импорттаушы АҚШ бұл тауарды 1,5 млрд долларға сатып алады-мыс. Алайда, Қытайдан импортты АҚШ небәрі 182 млн долларға жариялайды. Айырмашылығы 8 есе.


Жалпы Қытай фарфордан жасалған ыдыс-аяқ экспортын 7,1 млрд долларлық деңгейде жарияласа, қалған әлем елдері импортты бар болғаны 1,7 млрд доллар көлемінде кіргізгенін алға тартады.


Бүкіл әлемдік саудаға арналған кешенді математикалық есеп көрсеткендей, Қазақстан Қытайдан импорттаған 3,5 мың тауар тобының ішінде біздің статистика 40-50% жағдайда сенімдірек болды.


Сондықтан, Қазақстанда әлемдегі ең жақсы кеден болса да, сәйкессіздіктерді нөлге дейін азайту мүмкін емес. Оның себебі тек біздің жақта емес.

bottom of page