«SocioExpertClub» пікірталас клубының «Өңірді дамыту және мемлекеттің рөлі» тақырыбында кезекті отырысы өтті. Жиын барысында «Desht» талдау орталығының басшысы, экономист Қуаныш Жайықов түрлі мәселеге қатысты өзіндік көзқарасын білдіріп, оны шешу жолдарын ұсынды. «AMANAT» Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева осы кездесудің модераторы болды.
Талқылауға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, талдау орталықтарының, мемлекеттік органдар мен кәсіподақтардың өкілдері, экономистер, саясаттанушылар және т.б. қатысты.
Қуаныш Жайықов жан басына шаққандағы орташа табыс және өмір сүру ұзақтығы сынды екі көрсеткішті салыстыра келе өңірлердің экономикалық даму деңгейі әртекті екенін атап өтті. Сарапшы Түркістан облысы тұрғындарының табысы (174$) Атырау облысына (671$) қарағанда 4 есе аз екенін атап өтті. Мысалы, АҚШ, Канада және Австралияда табыс алшақтығы 1,5 есені құрайды.
Сарапшы аудандардың экономикалық тұрғыда да айырмашылығы барын атап өтті. Сондықтан өңірлерді дамыту саясаты да әр түрлі болуы керек. Мәселе жергілікті жерде шешілгені дұрыс. Ал орталықтың рөлі – бұл мәселені өз бетінше шеше алмаған кезде өңірге қолұшын созу керек.
«Desht» орталығының басшысы Қуаныш Жайықов мемлекеттік басқару ісіндегі түрлі қарама-қайшылыққа тоқталды.
«Ал ұтымды аймақтық саясат ұстану үшін негізгі басымдықтарды айқындап алу қажет. Өңірлерді дамытқан дұрыс па, жоқ әлде халықтың табысын арттырған жөн бе? Мұның қайсысы маңыздырақ? Шешім қабылдау керек пе, әлде микро менеджмент құрған жөн бе? Мемлекет өңірлерді дамыту теңгеріміне ұмтыла ма? Осы сұрақтардың жауабын тауып, өз басымдықтарымызды айқындаған кезде өңірлер сапалы дамиды деуге болады», – деді ол.