Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында халықты несиелендіру мәселесіне назар аударғаны мәлім.
Мемлекет басшысының айтуынша, банктер экономиканың нақты секторын несиелендірудің орнына тұтынушылық қарыздарға басымдық беріп келеді. Осының әсерінен қаржы жүйесіндегі тәуекелдер артып қана қойған жоқ, сондай-ақ азаматтардың несиеге тәуелділігі күшейе түсті.
Тіпті, бір кездері халықтың шектен тыс несие алуына шектеу болады деп қабылданған шешімдер де бүгінге қажетті нәтижеге қол жеткізу үшін жеткіліксіз екенін дәлелдеп берді. Мысалы, 2019 жылы 500 мың қазақстандықтың борышына рақымшылық жасалды және жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңы да күшіне енді. Дегенмен проблема әлі де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, соңғы 7 жылда жеке тұлғаларға несие беру көрсеткіші 340 пайызға артқанын көріп отырмыз. Статистикаға сүйенер болсақ, 2016 жылы жеке тұлғаларға 4,2 трлн теңге кредит берілген. Бірінші кредиттік бюроның деректері бойынша, биыл 1 қыркүйекте жеке тұлғалардың жалпы кредиттік портфелі 18,1 триллион теңгеге жеткен. Оның ішінде 7,7 млн қазақстандық жалпы сомасы 8,8 трлн теңге болатын тұтынушылық кепілсіз кредит алған. Бұл – еліміздегі экономикалық белсенді халықтың 77 пайызы. Бір ғана тамыз айында 2,5 миллион қазақстандық несие рәсімдеп үлгерген. Ал берешегі бар 1,5 миллионға жуық адамның қарызының мерзімі өтіп кеткен және коллекторлар мен сот орындаушыларының қысымына ұшыраған.
Desht сарапшыларының пікірінше, қазақстандықтарды несиелендіру мәселесі макроэкономикалық деңгейде қаржылық жүйенің тұрақтылығына қауіп төндірмейді.
«8,4 миллион адамның тұтынушылық несиесі бар. Бірақ оның жартысынан көбі пайызсыз бөліп төлеуге жатады. Қаржыгерлер қауымдастығы бұл қаржы ұйымдарына қауіп төндірмейтін, әлеуметтік маңызы басым проблема деп мәлімдейді. Себебі банктердің балансындағы тұтынушылық несиелер бойынша проблемалық берешек деңгейі ШОБ несиелеріне немесе жылжымайтын мүлік сатып алуға қарағанда төмен. Мұны қаржы реттеушісі де растап отыр. Қаржы нарығының заңдылықтарына сүйенсек, табысы тұрақты тұтынушы үшін бөліп төлеу өте ұтымды. Өйткені ақша құнсызданады. Сондықтан қаражатты бірден жұмсағанша, оны депозитте ұстап, орнына бөліп төлеу арқылы сатып алған тиімді», – деп түсіндіреді Desht мамандары. Сарапшылардың пікірінше, қарызы ауқымды белгілі бір топ қана берешегін өтей алмай жүргендер қатарында. Халық жаппай қарызға батты деп Парламент деңгейінде талқыға түсуіне де осы топ өкілдері себепкер. Мысалы, 1,7 млн адамның проблемалық несиесінің жалпы көлемі 1,4 трлн теңгені құрайды. Бұл – тек өтеу мерзімі 90 күннен кешіккен кредиттер. Осы қарыз алушылардың 4 пайызының ғана жүктемесі 7 миллион теңгеден асады. Яғни, «триллиондар» туралы сөз қозғау қажет болса, онда 1,7 млн қарыз алушының бәрімен емес, тек 100-150 мың адаммен жұмыс істеу қажет. «Сондай-ақ банктерде несие алу қиынырақ және жылдық шекті мөлшерлеме – 56 пайыз. Банктен несие ала алмаған адамдар микроқаржылық ұйымдарға жүгіреді және ондаған несие ала алады. Өйткені қаржы реттеушісінің өзі мұндай ұйымдардың жылдық тиімді мөлшерлемесін 146 пайыз деп бекіткен. Мұның жанында банктерге мөлшерлемені одан әрі төмендету қажет деген талаптар қисынсыз көрінеді. Кредиттік бюро туралы заңдағы олқылықтар осындайда көрінеді. Өйткені несие тарихы 15 күнде 1 рет жаңартылады. Соның әсерінен адам әртүрлі банктерден ондаған несие ала алады. Екінші деңгейлі банктер болса клиенттің несиелік жүктемесі асып кеткенін анықтай алмайды. Қаржы реттеушісінің талабымен микроқаржылық ұйымдар проблемалық қарыздарды коллекторларға өткізіп, баланстарын тазартты. Нәтижесінде, қазір коллекторлар портфолиосы 5 есеге өсіп, борышкерлер саны миллионға жуықтады. Олардың қандай әдіспен жұмыс істейтін бәріне белгілі», – дейді сарапшылар.